Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында полиция қызметкері түнде жолда қалған жүргізушіге қол ұшын созды

Қостанай облысында полиция қызметкері түнде жолда қалған жүргізушіге көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түнгі уақытта Әулиекөл - Жалдама автожолында Lada 21703 автокөлігінің жүргізушісі жолда қалып қойды. Көліктің техникалық ақауына байланысты азамат оны өз бетінше жөндеп, қозғалысын жалғастыра алмаған.

Осы сәтте қызметтік аумағын патрульдеу барысында Амангелді аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Е. Жанарбаев жол жиегінде тұрған автокөлікті байқайды.

Полиция қызметкері жүргізушінің жағдайын сұрап, қажетті көмек көрсетіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесті.

Оқиғаның түнгі уақытта әрі елді мекеннен тыс жерде болғанын ескерсек, полицейдің дер кезінде тоқтап, көмек көрсетуі жүргізуші үшін аса маңызды болды. Азамат полиция қызметкеріне жанашырлығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді.

- Осындай қиын сәтте көмек қолын созуға дайын адамның болғаны өте маңызды. Полиция қызметкеріне үлкен алғысымды білдіремін. Ол жанымыздан өтіп кетпей, тоқтап, қол ұшын созды. Оның көмегінің арқасында өзімді қауіпсіз әрі сабырлы сезіндім, – деді жүргізуші.

Бұл жағдай полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған адамдарға дер кезінде қолдау көрсету – полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру