"Заң мен тәртіп" форумы: Павлодар облысының жастары есірткісіз өмірді таңдайды
Павлодар облысы Шарбақты ауданында нашақорлықтың алдын алу, есірткі құқық бұзушылықтарының жолын кесу және жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жастар форумы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылған шараға 8-11 сынып оқушылары мен аграрлық-техникалық колледж студенттері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау саласының және қоғам өкілдері қатысты.
Форум барысында полиция қызметкерлері жастарға есірткі заттарын тұтыну мен заңсыз таратудың зардаптары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік туралы түсіндірді.
Әсіресе интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алу мәселесіне баса назар аударылды. Қатысушыларға "есірткі жасырушы" және тыйым салынған заттарды таратушы ретінде жұмыс істеу туралы ұсыныстардың қауіптілігі түсіндірілді.
Кездесу барысында жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға, салауатты өмір салтын таңдауға және нашақорлық мәселесіне бейжай қарамауға шақырды.
– Мұндай шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға және жас ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді, – деді ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мирамгүл Темірбаева.
Жастар есірткісіз өмірді таңдайды! Заң мен тәртіпті бірге қолдайық!
