Ақмола облысының полицейлері алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтап жатыр
Ақмола облысының полицейлері алимент төлеуден жалтарып, қашып жүрген борышкерлердің орналасқан жерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының полиция департаменті ата-аналар балаларын кәмелетке толғанға дейін асырауға міндетті екенін еске салады. Бұл жауапкершілікке ата-аналардың қарым-қатынасы, неке қиюдың болуы немесе болмауы әсер етпейді.
Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері алимент төлемейтіндер мен мемлекеттік борышкерлерді іздестіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді.
Полиция қызметкерлері өз балаларын асыраудан жалтарып, сот орындаушыларынан жасырынып жүргендерге іздеу жариялайды.
Мәселен, 2024 жылдың басынан бастап алимент төлемейтін 34 адамның 20-сы анықталды. Іздеуде жүрген 20 борышкердің 12-сі табылды.
Алимент төлемейтіндер мен борышкерлерге қатысты қылмыстық және әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады. Алимент міндеттемелері бойынша қарыздарды төлеу мәселесін тезірек шешуге өндіріп алушылардың өздері де әсер етуі мүмкін.
Тәжірибе көрсеткендей, іздеуге жарияланған борышкер-азаматтар туралы ақпарат, олардың тұратын жері, қызмет түрі, болжамды сапарлары туралы пайдалы мәліметтерді өндіріп алушылардың өздері береді. Бұл ақпаратты тек полицейлерге жедел хабарлау қажет.