Түркістан облысында полиция дүкен сатушысынан тыйым салынған 90-нан астам вейпті тәркіледі
Түркістан облысында полиция дүкен сатушысынан тыйым салынған 90-нан астам вейпті тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында тыйым салынған вейптерді заңсыз сату фактісін анықтады.
Нақтырақ айтсақ, полиция қызметкерлері Сайрам ауданы көшелерінің бірінде орналасқан дүкенде 31 жастағы сатушы тыйым салынған вейптерді еркін сататынын анықтады. Тәртіп сақшылары Сайрам ауданының тұрғынын ұстап, одан 92 вейп (бір реттік) тәркіледі.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 20 маусымында Қазақстанда вейптерді сатуға тыйым салатын заң нормалары күшіне енді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 301-1-бап қосылды.