Қазақстан мен РФ-ның көлік полицейлері шекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Алматыда Қазақстан мен Ресей Федерациясының көлік полицейлері шекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1-4 қазан күндері Алматы қаласында ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің басшылығы Мадияр Айтуғановтың төрағалығымен және Ресей Федерациясы ІІМ Көліктегі Бас басқармасының бастығы Олег Калинкиннің, сондай-ақ көлік полициясының жетекші қызметтері басшыларының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Басқосу барысында екі елдің көлік полицейлері Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жоғары деңгейіне тоқталып, Қазақстан мен Ресейдің теміржол және әуе көлігі объектілерінде құқық тәртібін қамтамасыз ету, жалпы қылмысқа қарсы іс-қимыл мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Кездесуге қатысушылар есірткі қылмысы мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша басымдықтарды талқылап, бұл бағыттағы жұмысты жалғастырудың қажеттілігіне айрықша маңыз берді. Сонымен қатар көші-қон процестерін реттеуге баса көңіл бөлді.
Тағы бір маңызды міндет – қызмет көрсету аумақтарында қылмыстардың алдын алу бойынша бірлескен жедел-іздестіру және жедел-профилактикалық іс-шараларды мейілінше жандандыру қажет.
Мадияр Айтуғанов өз сөзінде жиналғандарға департаменттің басым міндеттерін жеткізді. Сондай-ақ ол мұндай басқосулар екі елдің көлік полицейлері арасындағы шекаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, қылмысқа қарсы күресте бірлескен күш-жігердің нақты негізі бола алатынын атап өтті.
Олег Калинкин көліктегі ПД-ның көліктегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша оң тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік жасағаны үшін қазақстандық әріптесіне алғысын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жалғасатындығына зор сенім білдірді.
Сапар барысында ресейлік қонақтар жолаушылар тасымалының көлемі еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары саналатын Алматы 1 станциясындағы желілік полиция басқармасы мен Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметімен танысты.
Тараптар кездесудің мазмұнды өткендігін және оның нәтижелері екі елдің көлік полициясы арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мұрындық болатынын атап өтті.
Аталған іс-шара аясында ресейлік полицейлер Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы мен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында болып, тәуелсіз еліміздің бай тарихымен және ондағы құнды жәдігерлермен танысты.
Бұдан соң делегация мүшелері 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы “Даңқ” мемориалына гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар қонақтарды қаланың басқа да көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.