Көліктегі ПД-да "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы қорытындыланды
Көліктегі ПД-да "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және көлік инфрақұрылымы нысандарында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында осы жылдың 11–13 желтоқсан аралығында көліктегі полиция департаменті республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. ЖПІШ барысында 1200-ден астам құқық бұзушылық анықталды.
Іс-шара барысында көлік полицейлері 13 қылмыс пен қылмыстық теріс қылықты тіркеді. Тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде олардың 12-сі "ізін суытпай" ашылды. Жедел-іздестіру шаралары аясында іздеуде жүрген 12 адам ұсталды.
Іс-шара кезінде әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 1245 азамат жауапкершілікке тартылды. Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтар қоғамдық орындарда тиісу - 108 факті, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарға мас күйінде келу - 96 факті. Сонымен қатар түнгі уақытта көлік нысандарында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болған 24 кәмелетке толмаған анықталды. Олардың 14-і кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзу деректері де анықталып, 49 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында ЖПІШ өткізуге кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері тартылып қызметтік-іздестіру иттерімен жедел қызмет көрсету аумақтарында патрульдеу жүргізді. Көліктегі полиция департаменті көлік нысандарында құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береді.
