Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан бері көлік полицейлері 18 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті

Көліктегі полиция департаменті теміржол инфрақұрылымы нысандарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Профилактика аясында көлік полицейлері теміржол ұйымдарында, білім беру мекемелерінде және халықпен кездесулерде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аса қауіпті аймақта өзін-өзі ұстау ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіруде.

Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өткені үшін 18 мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, теміржолда жарақат алу жағдайлары әлі де тіркелуде. Өткен кезең ішінде департаментте теміржол көлігімен байланысты азаматтардың жарақаттануының 17 дерегі тіркелді.

– Бұл қайғылы статистика кәмелетке толмағандарды да, ересектерді де ойландыруы тиіс. Денсаулық пен кей жағдайда өмірдің өзі тек олардың қырағылығы мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауына байланысты, – деді көліктегі ПД бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов.

Талдау көрсеткендей, қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өту, сондай-ақ азаматтардың мас күйінде қауіпті аймақта болуы.Тек соңғы тәуліктің өзінде Қарағанды-Сұрыптау және Қызылорда станцияларында осындай құқық бұзушылықтар тіркелді. Барлық жағдайда азаматтар теміржолды рұқсат етілмеген жерлерден кесіп өткен. Пойыз машинистерінің жедел әрекеттерінің арқасында құрам дер кезінде тоқтатылып, қайғылы жағдайлардың алдын алу мүмкін болды.

– Көлік сақшылары азаматтарды теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ата-аналар теміржол маңында балаларды қараусыз қалдыруға болмайтынын есте сақтауы тиіс. Жазғы демалыс қарсаңында балаларды бақылауға алып, оларға теміржол нысандарының маңындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге ерекше көңіл бөлген жөн, – деп түйіндеді сөзін Қ.Мәжікенов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру