Алматыда жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 743 жол апаты тіркелді
Алматыда жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 743 жол апаты тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда қоғамдық кеңесте ірі шаһардағы жол қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров жолдар мен көшелерде баламалы көлік, мопедтер мен электросамокаттардың пайда болуымен жол-көлік оқиғаларының көбейгенін айтты.
Жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 743 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 14 адам қаза тапты, тағы 757 адам жарақат алған. Ал самокаттардың қатысуымен 103 жол-көлік оқиғасы болды, 109 адам зардап шекті, абырой болғанда, қаза болғандар жоқ.
– Мопедистер мен самокаттар жиналатын орындарда 8 мотоэкипаж тұрақты түрде патрульдеу жұмыстарын жүргізеді. 32 мыңға жуық мопедист пен 28 мыңнан астам электросамокат пайдаланушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандандырылған айыппұл тұрағына 1700 мопед қойылды. Сондай-ақ 100-ден астам ата-ана балаларына самокат пен мопед жүргізуге рұқсат бергені үшін жауапқа тартылды. Алдын алу мақсатында департамент әкімдікпен, сондай-ақ кикшеринг компанияларымен және мото мектебімен бірлесе отырып, жұртшылықтың назарын жол қозғалысы қауіпсіздігіне, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, электросамокаттарды, мопедтерді және мотоциклдерді дұрыс және қауіпсіз жүргізу біліктіліктерін арттыруға аудару мақсатында «ERKIN QOZGALYS» науқанын өткізді, – деді, Арыстанғани Заппаров.
Жалпы, қалалық полиция басшысының айтуынша, жыл басынан бері шаһар жолдарында 3 420 483 жол ережесін бұзу дерегі анықталса, оның 1890-ы көлікті мас күйінде басқарғандар болған.