Өрттен бірнеше адамды құтқарған ұландықтар марапатталды
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде Ішкі істер органдары мен құқықтық тәртіп әскерінің кешенді күштері мен құралдарының гарнизондық таралымы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға дайындығын Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев тексерді.
Таралым барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің бұйрығымен Есіл өзенінің жағалауындағы мейрамханалардың бірінде өрттің алдын алған әскери қызметшілер марапатталды.
Марат Төлебаев өрт кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 5573 әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальонының сарбаздары Владислав Миллер, Владислав Таргинов, Роман Пестриков пен Виталий Бондаренкоға «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілерін табыс етті.
– Біздің басты міндетіміз — азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қызметте қырағы, сергек болыңыздар және жоғары жауапкершілікті есте сақтаңыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – Марат Төлебаев.
Айта кетелік, оқиға орнында батыл әрекет еткен сарбаздың бірі — қатардағы жауынгер Артур Москальцевке 10 күндік демалыс берілді, қазір ол ата-ана, жақындарының қасында.
Таралым соңында жеке құрам марапатқа ие болған сарбаздар құрметіне салтанатты шерумен жүріп өтті.