Павлодар облысында жеке құрамның саптық байқауы өтті
Павлодар облысында жеке құрамның саптық байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шараны облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр жүргізді. Байқаудың мақсаты – қызметкерлердің сыртқы келбеті мен кәсіби дайындық деңгейін тексеру, олардың қызметтік міндеттеріне сәйкестігін анықтау.
– Әр полицейдің сыртқы келбеті жинақы және ұқыпты болуы тиіс. Формалық киім қызметкердің дене бітіміне сай келіп, ыңғайлы болуы маңызды. Бұл бағытта ішкі істер министрлігі жаңа нысанды әзірледі. Сонымен қатар қызметтік куәліктердің жарамдылығы мен сәйкестігін, бейнежетондар мен планшеттердің жарамдылығын тексердім, – деп атап өтті Василий Скляр.
Ведомство басшысы тексеру барысында қызметтік автокөліктердің техникалық жай-күйін, стационарлық радиостанциялар мен бейне-тіркеуіштердің болуын, арнайы құралдармен жабдықталуын мұқият бақылап өтті. Сондай-ақ, жол парақтарының, дәрі қобдишаларының, өрт сөндіргіштердің, апаттық белгілердің және автокөлікті басқару құқығына қажетті құжаттардың болуын тексерді. Жеке құраммен жол жүру ережелерін сақтау жөнінде нұсқаулық өткізілді.
Саптық байқау кезінде полицейлердің сыртқы келбетіне, жетондардың болуына және қызметтік куәліктердің қызметкердің атағы мен лауазымына сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Василий Скляр бұл іс-шаралардың тәртіп пен ұйымшылдықты нығайтуға үлкен үлес қосатынын айтты.
– Полицейдің сыртқы келбеті – бүкіл полицияның беделін көрсететін айна іспетті. Сондықтан тәртіп сақшылары әрдайым жарамды болуы, формалық киім кию ережелерін сақтауы қажет. Сонымен қатар олар азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілікті сақтауы керек, – деді ол.
Байқау қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті басшыларға тапсырмалар берілді. Іс-шарадан кейін полицияның жеке құрамы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығындағы көшелерде рейдтік және алдын алу шараларын жүргізуге бағытталды. Саптық байқау салтанатты шерумен аяқталды.