Биыл СҚО-да полицейлер 6 мың литрге жуық заңсыз алкоголь тәркіледі
Биыл СҚО-да полицейлер 6 мың литрге жуық заңсыз алкоголь тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде учаскелік полиция инспекторларының жұмысы талқыланды. ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов қалалық полиция басқармасының және қала маңындағы Қызылжар ауданының учаскелік полиция инспекторларымен кездесті, басқа аудандар бейнеконференцбайланыс режимінде қосылды.
Учаскелік инспекторлардың халықпен байланысын нығайтуға, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ауқымды “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындылары, сондай-ақ жергілікті полиция қызметі бөліністерінің 10 айдағы жедел-қызметтік жұмысының нәтижелері қаралды.
Қаралған маңызды сұрақтардың бірі – алкогольге қарсы заңнаманың бұзушылықтарымен күрес. Ішімдікке салыну — негізгі криминогендік факторлардың бірі. Жыл басынан учаскелік инспекторлар алкоголь өнімдерін сатуға қатысты талаптарды бұзғаны үшін 95 адамды, алкогольді заңсыз сатқаны үшін 178 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заңсыз айналымнан құрамында спирт бар 6 мың литрге жақын өнімдер тәркіленді.
Құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұйғарымдар шығару кезінде учаскелік инспекторларға өз өкілеттіктерін белсенді пайдалану ұсынылды. Мысалы, ұрлықтың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылданбаса, яғни мүлікті техникалық нығайту жеткіліксіз болған жағдайларда. Сондай-ақ жұмысшы өз міндеттерін мас күйінде атқарса, учаскелік қызметкер жұмыс берушіге ұйғарым шығара алады.
Ысмағұлов профилактикалық жұмысты күшейту қажет ететін маңызды бағыттарды атап көрсетіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген “Заң және тәртіп” қағидатын іске асырудың маңызды құрамдас бөлігі саналатын “мүлдем төзбеушілік” туралы еске салды.