Таразда 500-ден астам оқушының қатысуымен нашақорлыққа қарсы іс-шара өтті
Таразда 500-ден астам оқушының қатысуымен нашақорлыққа қарсы іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласындағы №67 орта мектепте Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Әулиеата аудандық полиция бөлімі, білім бөлімі және Жастар ресурстық орталығының өкілдері оқушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның құрметті қонағы — Жамбыл облысы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ взводының командирі, "Dubai SWAT Challenge–2025" турнирінің жүлдегері, тактикалық атудан Қазақстан чемпионы, ММА спорт шебері және еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер Жамбыл Жексембі болды.
Кездесу барысында ол оқушыларға өзінің кәсіби жолы туралы айтып, тәртіптің, спортпен тұрақты айналысудың және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығына тоқталды.
Полицейлер жасөспірімдерге есірткі заттарын қолданудың зияны, сондай-ақ оларды заңсыз сақтау, тарату және айналымға жіберу үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндірді.
Сонымен қатар қызметтік иттердің мүмкіндіктерін көрсеткен кинологиялық қызмет мамандарының өнер көрсетуі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Кездесуге 500-ден астам оқушы қатысты. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
