Жетісуда полиция еріктілермен бірлесіп есірткі граффитиін жою акциясын өткізді
Жетісуда полиция еріктілермен бірлесіп есірткі граффитиін жою акциясын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында полиция қызметкерлері еріктілермен және қоғам өкілдерімен бірлесіп, есірткі құралдарын заңсыз жарнамалайтын жазбаларды анықтап, жоюға бағытталған профилактикалық акция өткізді.
Іс-шара "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылып, есірткі қылмыстарының алдын алуға, есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюға және жастарды оның зиянды әсерінен қорғауға бағытталды.
Есірткі граффитиі – ғимараттар мен құрылыстардың қабырғаларындағы жай ғана жазу емес. Мұндай жазбалар есірткі құралдарын заңсыз жарнамалаудың бір тәсілі ретінде қолданылады. Көбіне олар есірткі сатуға қатысты интернет-ресурстар мен байланыс арналарына сілтеме жасайды.
Жыл басынан бері облыс аумағында 105 есірткі граффитиі анықталып, жойылды. Профилактикалық іс-шараларға 500-ден астам ерікті мен қоғам өкілі қатысты.
Кезекті акция барысында қатысушылар анықталған заңсыз жарнамаларды бірлесіп өшіріп, тұрғындар арасында есірткінің таралуының алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
- Біздің міндетіміз – есірткінің заңсыз жарнамасын жоюмен ғана шектелмей, оның таралуының алдын алу, жастарды қорғау және қоғам назарын осы мәселеге аудару. Есірткі қылмысына қарсы күрес полиция мен азаматтардың бірлескен күш-жігерін талап етеді. Тек бірлесе әрекет ету арқылы өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз, – деп атап өтті Жетісу облысының полиция департаменті.
Полиция тұрғындарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға шақырады. Есірткіні жарнамалайтын заңсыз жазбаларды байқаған жағдайда, бұл туралы дереу "102" арнасына хабарлау қажет.
Жастарды есірткіден қорғау – баршамызға ортақ міндет. Заң мен тәртіп әрқайсымыздан басталады!
