Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Қауіпсіздік коды: 102-111-150" акциясы: полиция Түркістан облысының тұрғындарын ақпараттандырды

Түркістан облысында әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған "Қауіпсіздік коды: 102-111-150" акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияға 800-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылып, профилактикалық есепте тұрған 302 тұлғаның тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 27 тұлға профилактикалық есепке қойылды. Оның ішінде 21 адамға қорғау нұсқамасы шығарылып, 3 тұлғаға ерекше талап белгіленді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері үй аралау барысында қиын өмірлік жағдайға тап болған 16 отбасын анықтады. Оларға психологиялық, құқықтық, материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетілуі ұйымдастырылды.

Мәселен, Созақ ауданында қиын жағдайдағы отбасының сынған терезесі қалпына келтіріліп, қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілді. Тағы бір отбасыға жұмыспен қамту шаралары ұйымдастырылып, азық-түлік көмегі көрсетілді.

Үй аралау кезінде әйелін балағаттап, отбасында жанжал шығарған азамат та анықталды. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, қорғау нұсқамасы шығарылды.

Акция аясында полиция мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп профилактикалық кездесулер мен заңгерлік кеңестер ұйымдастырды. Облыстағы LED-экрандарда 102, 111 және 150 сенім телефондары туралы ақпараттар көрсетіліп, мектептерде, базарлар мен ойын-сауық орындарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тұрғындарға 1400-ге жуық жаднама және 150-ге жуық визит картасы таратылды.

Полиция азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырмай, қауіп төнген жағдайда 102, 111 немесе 150 нөмірлеріне хабарласуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру