Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалардың қауіпсіздігі ата-ананың назарында болуы тиіс

Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Павлодар облысында полицейлер тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әсіресе түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен жастар көп жиналатын жерлер ерекше назарда.

Кезекті рейд барысында полицейлер Павлодар қаласындағы дәмханалардың бірінде кәмелетке толмағандардың жүргенін анықтады. Нәтижесінде балалардың заңды өкілдері жауапкершілікке тартылып, мекеме иесіне де айыппұл салынды. Балаларының түнгі уақытта ойын-сауық орнында жүргені туралы естіген ата-аналар қатты таңғалды.

Биыл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүргенінің 3 мыңға жуық дерегі тіркелген.

70-тен астам кәсіпкерлік субъектісі кәмелетке толмағандардың ата-анасының еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін жауапқа тартылды.

— Ата-аналар балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргенде қауіп-қатерге тап болуы мүмкін екенін түсінуі тиіс. Мұндай жағдайларда жасөспірімдер қылмыстың құрбаны немесе қылмыс жасаушысы болып қалуы ықтимал, — деп ескертеді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамада көрсетілген шектеулерді еске салады.

Кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуы тыйым салынған. Сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін осындай құқық бұзушылыққа жол берген ата-аналарға үш айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Түнгі уақытта (сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін) кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүргені анықталса, ата-анасына ескерту беріледі. Егер бұл жағдай бір жыл ішінде қайта тіркелсе, жеті АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Балаларымыздың қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ міндет! Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларын бақылауда ұстауға және олардың түнгі уақытта қауіпсіз ортада болуын қамтамасыз етуге шақырады. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – болашаққа деген қамқорлықтың айқын көрсеткіші.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру