Павлодарда бір тәулікте жол қозғалысы ережелерін бұзудың 144 дерегі анықталды
Павлодарда бір тәулікте жол қозғалысы ережелерін бұзудың 144 дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында тәулік бойы патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуда елеулі жұмыстар атқаруда. Соңғы тәулікте жол қозғалысы ережелерін бұзудың 144 дерегі анықталып, олардың барлығы дерлік жедел түрде тоқтатылды.
Кеншілер көшесінде тоқтатылған Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі тексеру барысында 2021 жылдың желтоқсанында сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Рөлге қайта не себепті отырғанын түсіндіре алмаған жүргізуші заң алдында жауап берді. Сот шешімімен ол 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Дәл сол күні екі жүргізушінің есірткіге мас күйінде көлік жүргізгені расталды. Бірінші жағдай Торайғыров – Абай көшелерінің қиылысында, ал екіншісі Кеншілер көшесіндегі 119-үйдің ауласында тіркелді. Медициналық куәландыру нәтижелері олардың мас күйінде болғанын дәлелдеді. Сот шешімімен екеуі де 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Барлық құқық бұзушылардың көліктері мамандандырылған тұраққа қойылды.
Бұл шаралар Павлодар облысы полиция департаментінің жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қатаң бақылауының нәтижесі екенін атап өтті.