«Міндет. Ерлік. Абырой»: ІІМ-де көркемөнерпаздар байқауы қорытындыланды
Ішкі істер министрлігінде «Міндет. Ерлік. Абырой» ұранымен республикалық көркемөнерпаздар байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аумақтық бөліністерден бақ сынауға келген тәртіп сақшыларына Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков сәттілік тіледі.
– Жарыс дәстүрлі түрде биыл 14-ші рет өткізіліп жатыр. Өңірлерде өткен сайыстардың 139 жеңімпазы бүгін осы залда бақ сынамақ. Ішкі істер органдарының ең үздік қызметкерлері осы сахнада жиналды деп есептеймін. Біздің әріптестеріміз тек кәсіби шеберліктерімен ғана емес, сонымен қатар шығармашылық дарынымен де ерекшеленеді, – деді полиция генерал-майоры.
«Өнерліге есік ашық» деген дана халқымыз. Елдің тыныштығы мен қоғамның қауіпсіздігін күзеткен погонды қыз-жігіттердің арасында сегіз қырлы, бір сырлы жандар жетерлік.
Байқау қызметімен ғана емес, талантымен тәнті еткен мамандарды көтермелеуді көздейді. Айта кету керек, биыл министрлікте кадр сапасын арттыру жылы. Сондықтан полицейлердің жан-жақтылығына аса мән беріледі.
Сынақтан сүрінбей өтіп, топ жарғандар марапатқа ие болды. Байқаудың бас жүлдесі Солтүстік Қазақстан облысы ПД тобына бұйырды. Саптық ән бойынша бірінші орынды Алматы облысы ПД, екінші орынды ШҚО ПД, үшінді орынды Алматы қаласы ПД иеленді.
Жеке орындаушылар арасында бірінші орынды Ақмола облысы ПД қызметкері Бекзат Жұмаев алса, екінші орынды Алматы академиясынан Гауһар Толықбаева, үшінші орынды Қарағанды облысы полиция департаментінен Шерхан Төлеуханов қанжығасына байлады.
Вокалдық топтар арасында жүлделер келесідей болды: І дәрежелі лауреат- Жамбыл облысы ПД, ІІ дәрежелі лауреат – ШҚО ПД, ІІІ дәрежелі лауреат – Қостанай облысы ПД.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен Юлия Мурикова «Көрермен көзайымы», Астана қаласы ПД «Үздік сахналық келбет», Ақтөбе облысы ПД «Виртуоз-орындаушы», Қостанай академиясы «Командалық жұмыс» номинацияларын жеңіп алды.