Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандылық оқушылар ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери бөлімін аралады

Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы құқықтық тәртіп әскерінің 5451 әскери бөліміне экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Экскурсияға Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің оқушылары қатысты.

Экскурсия барысында оқушылар әскери бөлімнің ішкі құрылымын, арнайы техникалар мен қару-жарақтармен танысты. Әскери қызметкерлер экскурсияға қатысушыларға Ұлттық ұланның елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы атқаратын қызметтері, түрлі арнайы операциялар мен тапсырмалар туралы айтып берді. Сондай-ақ оқушыларға әскери қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығын түсіндіру үшін бөлім бастығы мен әскери қызметкерлер өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Шара соңында оқушыларға әскери форма, қару-жарақтарды көрсету мен өздері тәжірибе жасап көру мүмкіндігі берілді. Бұл экскурсия оқушылардың әскери салаға қызығушылығын арттырып, болашақта Отан алдындағы міндеттерін адал орындауға деген ынтасын күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.

– Өмірімде алғаш рет әскери қызметшілер қолданатын қару-жарақ түрлерімен танысып, қолыма ұстап көрдім. Бізге әскери эпикровкаларды киіп көруге де рұқсат берді. Арнайы техникаларға да отырдық. Келешекте мен де ҚР ІІМ Ұлттық ұланда қызмет етіп, әскери қызметші болғым келеді, – деді оқушылардың бірі.

Жасөспірімдер аз уақыттың ішінде әскери сала жайлы біраз ақпаратқа қанықты. Тіпті олардың арасында әскери қызметші болуға құлшыныс танытқандар да болды.

– Әскери бөлімге саяхат ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін 5451 әскери бөлімінің басшылығы мен өкілдеріне алғыс білдіреміз, – деді «Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі» КММ өкілі А.Шакаримова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру