Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада полицейлер ерекше отбасылық сайыс ұйымдастырды

Қызылордада полицейлер ерекше отбасылық сайыс ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері арасында «Әкем, анам, мен – спорттық отбасы» атты спартакиада өтті.

Сайыстың ашылу салтанаты дәстүр бойынша Әнұранды шырқаудан бастау алды.

Қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулығын нығайту, олардың отбасы мүшелерінің спорттық шеберліктерін арттыруға бағытталған шараның ашылу салтанатында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға ерекше құрмет көрсетті.

– Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – балаға әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдату. Балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті. Балаларымыз арыстандай айбаттылығымен, жолбарыстай тектілігімен ел тізгінін ұстайды деп болашақ жастарға үлкен сенім артамыз. Салауатты өмір сүру өз қолымызда. Осы мақсатта міне бүгін біз осындай керемет сайыс ұйымдастырып отырмыз. Барлық қатысушы отбасыларға сәттілік тілеймін! – деді О.Омаров.

Спартакиаданың бағдарламасына отбасылық эстафета, шағын футбол, арқан тарту, жекелей сында армрестлинг, гір тасын көтеру сайыстары енгізілген.

Cпорттық шараға барлығы сегіз отбасы қатысып, әр түрлі сипаттағы эстафеталар бойынша бақ сынасты. Сайыста жанұялық командалардың кішкентай қатысушылары да белсенділік танытты.

 Байқау қорытындысы бойынша барлық отбасылар жүлделі орындарға ие болды. Әкелер арасында өткізілген додалы шағын  футбол  сайысынан  1 – орынды «Бүркіт» командасы иеленсе, 2 – орынды «Қайсар» командасы , 3 – орынды «Қыран» командасы иеленді. 

Сондай-ақ командалық жарыстан  Тансықбаевтар отбасы үздік деп танылса, 2 –  орын Смағұловтар отбасы, 3 – орынды Жұманбетовтер отбасы қанжығасына байлады.

Жарыс соңында барлық командалар грамоталармен, топтық дипломдармен және сый-сияпаттармен марапатталды.

Тартысты өткен сайыс соңында балаларды қуанту үшін арнайы аниматорлар келіп, балалардың көңілін көтеріп, түрлі ойындар ұйымдастырды. Сондай-ақ балалар арнайы дайындалған фуршеттен дәм татты. Бүлдіршіндерге түрлі тәттілер де үлестірілді. 

Кеш соңында қатысушы отбасылар мен қонақтар естелік суретке түсті. Жоғары деңгейде өткен отбасылық спорттық сайыс көрермендерді қызық пен шаттыққа бөлеп, балалар мен ересектердің  спорттық шараларға деген ықыласын оятты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру