Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сурет өнерін қызметімен ұштастырған криминалист

Құқық қорғау саласының қайсысы болсын маңызды, алайда криминалистика қызметінсіз қылмысты ашу мүмкін еместігі айқын. Қылмысты тергеп, күдіктіні анықтау, оқиға орнынан алынған айғақ заттардың негізінде шындықты қалпына келтіру – бұл саланың жауапты міндеті. Осындай күрделі, ерекше мамандықты таңдағандардың бірі – Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел-криминалистика басқармасының криминалисті Жаңабай Сапарбаев. Ол туралы Polisia.kz сайтының журналисі баяндап бермек.

Жаңабай – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Қызметімен қатар, бала күнінен сүйікті ісіне айналған сурет өнерін де серік етеді. Қызметінің қиындығына қарамастан, қолына қалам мен ақ қағаз алса болды, қиялындағы көркем бейнелерін ақ қағаз бетіне түсіреді. Оның туындылары сан алуан тақырыпты қамтыса да, адам портреттерін бейнелеуге ерекше ден қояды.

– Сурет салу өнеріне кішкентайымнан құмармын. Бұл өнер – менің жан тыныштығым, ішкі күйзелісім мен қуанышымды бейнелеу құралы. Жұмыстан бос уақытта қағаз бетіне көрініс беру арқылы ойымды жинақтап, тынығамын. Уақыт өте келе осы қабілетімді қызметімде де пайдаланып, қылмыстар бойынша куәгерлер мен жәбірленушілердің сөздері негізінде «Фоторобот» арнайы бағдарламалық кешені арқылы күдіктілердің портреттерін жасауға қол жеткіздім. Бірақ бұл саланың шебері болу үшін жоғары білім жеткіліксіз. Криминалистің бойында есте сақтау қабілеті, аналитикалық ойлау, ұқыптылық пен шыдамдылық сияқты қасиеттер болуы керек, – дейді Жаңабай.

Ол суреттерінде өмірдің өткінші сәттерін, адам жан дүниесінің тереңдігін бейнелеуге тырысады. Сонымен қатар тарихи тұлғалардың келбетін кескіндеу де оның шығармашылығының маңызды бөлігі.

1985 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген Жаңабай №159 «Еңбекші қазақ орта мектебін» аяқтаған соң, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша білім алған. Кейін М.Х.Дулати атындағы университетте сәулетші мамандығын меңгерсе, 2019-2021 жылдары Қостанай қаласындағы Ш.Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ академиясында «Құқық қорғау қызметі» бойынша оқыды.

Еңбек жолын 2012 жылы Қызылорда қалалық полиция басқармасының Жедел-криминалистика бөлімінде бастаған ол, аға криминалист лауазымына дейін көтерілді. Бүгінде Қызылорда облыстық полиция департаментінде адал қызмет атқарып келеді.

Күн-түн демей, оқиға орнынан алынған айғақ заттардың негізінде шындықты анықтап, қылмыстың ізін ашуда үлкен жауапкершілік пен табандылық танытады. Осы уақытқа дейін ол қызметтік міндетін мінсіз орындап, түрлі марапаттарға ие болды.

Отбасында да үлгілі әке. Жары екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Балауса да әкесінің жолын қуып, сурет салумен айналысады. Әр түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған Балауса болашақта полиция қызметкері болуды армандайды.

– Полиция қызметкері үшін ең маңыздысы – адалдық пен жауапкершілік. Елге қызмет етіп, халықтың сенімін ақтау – менің өмірлік ұстанымым, – дейді өнер мен қызметті қатар алып жүрген Жаңабай.

Осындай жан-жақты азаматтың үлгілі еңбегі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру