Министр Алматыда ПД қызметтері мен бөлімшелерінің басшыларымен жиналыс өткізді
Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелерінің басшыларымен жиналыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство басшысы департаменттің жедел қызметтік қызметінің нәтижелерін қарап, жиналысқа қатысушылардың назарын шаһардағы қылмыс деңгейін жақсартуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды күшейтуге, сондай-ақ қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтауда жұртшылықтың белсенді түрде қатысуына аударды.
– Елдегі ең ірі қала, қаржы және мәдени орталықтағы қылмыстық ахуал Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Полицияға қылмыспен күресу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілік жүктелген. Тиімді жұмыс үшін барлық қажетті жағдай жасалған, цифрландыру ресурстары барынша пайдаланылуда. Биыл профилактика жылы болып жарияланды: полиция Заң мен тәртіпті күзетеді, – деді Ержан Сәденов.
Жиналыс барысында ішкі істер министрі Алматы қалалық ПД және аудандық полиция басқармаларының басшыларының есептерін тыңдап, азаматтар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға бағытталған, алға қойылған міндеттерді шешу үшін алдын алу іс-шаралары қажет екенін атап өтті.
– Қаладағы жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысы жағдайын жақсарту тұрғысында, құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмыспен күресудің тиімді әдістерінің бірі ретінде бейнебақылау жүйелерін жетілдіріп, интеллектуалды камералардың мүмкіндіктерін белсенді пайдалану қажет. Тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде бүгінде қылмысты ашу мен құқық бұзушылықтың алдын алуда басты рөлдердің бірін атқаратын патрульдік полиция мен учаскелік полиция қызметкерлерінің әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді ведомство бастығы.
Жедел кеңес жұмысының қорытындысы бойынша Ержан Саденов Алматы полициясының қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.