Жамбыл облысының оқу орындарында полиция 5 мыңнан астам дәріс өткізді
Жамбыл облысының оқу орындарында полиция 5 мыңнан астам дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 5 мыңнан астам дәріс өткізді.
Мектептер мен колледждерде тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтардың салдары туралы бейнероликтер көрсетіп, қорқыту, бұзақылық, топтық төбелес және бопсалау үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін түсіндірді. Сондай-ақ, есірткі заттарын қолданудың зияны мен жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын жеткізді.
— Жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа тартылу себебі көбіне заңдарды білмеуімен байланысты. Сондықтан дәрістердің негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, – деді Жамбыл облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.
Мұндай кездесулер балалардың қызығушылығын оятып, оларды салауатты өмір салтын ұстануға және өзін-өзі дамытуға шақырады. Іс-шаралар облыс мектептерінде жалғасатын болады.