Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталған азамат некесін қиды

Абай облысы бойынша ҚАЖ қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінің сотталғаны некесін тіркеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азамат өзінің сүйіктісімен некесін ресми түрде тіркеді. Неке қию рәсімі Семей қаласының АХАТ бөлімінде мекеме қызметкерлерінің қатысуымен, Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексінің талаптарына сәйкес өткізілді.
Павлодар облысының 58 жастағы тұрғыны есірткі құралдарын таратқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылған.

Мекемеде жүрген кезінде ер адам өткен жылы танысқан әйелмен қарым-қатынасын ресми түрде заңдастыру ниеті бар екенін қызметкерлерге жеткізген. Мекеме қызметкерлері оған қажетті құжаттарды дайындауға және некені тіркеуді ұйымдастыруға көмек көрсетті.

– Бұрын отбасы құру және болашағым туралы ешқашан ойланбадым. Алайда тағдырдың жазуымен өмірімде күтпеген өзгерістер болды. Мекемеге келгеннен кейін мені қаладағы ұйымдардың біріне жұмысқа орналастырды. Жұмысқа бара жатқан жолда кездейсоқ бір әйелмен таныстым. Кейін ол мен үшін ең жақын адамға айналды. Біз араласып, бір-бірімізді жақынырақ тани бастадық. Уақыт өте келе оған отбасын құру туралы ұсыныс жасадым. Бүгінде біз заңды түрде ерлі-зайыпты атандық. Мен 58 жастамын, жұбайым 62 жаста. Махаббат үшін жастың маңызды емес екенін түсіндім. Жастық шағымызда бірге болмасақ та, енді қарттықты бірге қарсы алуға мүмкіндігіміз бар. Құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, қолдау көрсеткен мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Бұл күн мен үшін өмірімнің жаңа кезеңінің бастауы болды, — деп бөлісті сотталған азамат.

– Отбасы — әр адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. Жақындардың қолдауы, қамқорлығы мен өзара түсіністігі адамға өткен өміріне ой жүгіртіп, жаңа өмірлік бағдар қалыптастыруға және оң өзгерістерге ұмтылуға көмектеседі. Біздің міндетіміз — сотталғандардың қоғамға пайдалы әлеуметтік байланыстарын сақтауға жәрдемдесу және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Некені тіркеу — адам өміріндегі маңызды қадам. Бұл оның түзелуіне және қоғамға толыққанды оралуына қосымша ынталандыру болуы мүмкін, — деп атап өтті мекеме бастығының міндетін атқарушы Рүстем Берлібеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру