Абай облысында сотталғандарды жұмыспен қамту жүйелі жүргізілуде
Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде сотталғандар машина жасау саласына жұмысқа орналастырылуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде сотталғандарды еңбекпен қамтуды кеңейту және қосымша жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл қызметтің негізгі бағыттарының бірі – өндірісті ұйымдастыруға және жұмыс күшін тартуға мүдделі кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату.
Осы жұмыс аясында мекеме машина жасау саласындағы кәсіпорындардың бірімен ынтымақтастық туралы шарт жасасты. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорында 20-ға жуық сотталған жұмысқа орналастырылған. Алдағы уақытта тағы 10 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Сотталғандар сырлаушы, слесарь және дәнекерлеуші сияқты мамандықтар бойынша еңбек етіп, атқарған жұмыстары үшін белгіленген жалақы алады. Олар тапқан қаражаттарын сот шешімімен белгіленген талап-арыз міндеттемелерін өтеуге, сондай-ақ отбасы мүшелері мен жақындарына материалдық көмек көрсетуге бағыттай алады.
Қазіргі уақытта мекемеде 130-ға жуық сотталған жазасын өтеп жатыр, олардың 100-ден астамы жұмыспен қамтылған. Олар ағаш өңдеу, қаланы абаттандыру, теміржол вагондарын жөндеу және құрылыс материалдарын өндіру сияқты түрлі бағыттарда еңбек етуде.
– Мен 35 жастамын, Павлодар қаласынанмын. Бас бостандығымнан айырылғанға дейін автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінде (СТО) жұмыс істедім. Қазір мекемеде жүріп те сүйікті ісіммен – автокөліктерді жөндеумен айналысуды жалғастырып келемін. Мұнда бізге жұмыс істеуге, жалақы алуға және бас бостандығымыздан айырылған жағдайда да жақындарымызға көмектесуге мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын. Мен үшін кәсіби дағдыларымды жоғалтпау, жаңа тәжірибе жинақтау және еңбегімнің пайда әкелетінін сезіну маңызды. Алған білімім мен дағдыларым бостандыққа шыққаннан кейін де қажет болады деп сенемін, – деп бөлісті сотталғандардың бірі.
– Сотталғандар үшін еңбек ету мүмкіндігінің маңызы ерекше. Жұмыс оларға табыс табуға ғана емес, сонымен қатар үйреншікті ісімен айналысуды жалғастыруға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және жақындарына материалдық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Сотталғандарды еңбекпен қамту олардың әлеуметтік бейімделуінде маңызды рөл атқарады. Еңбек ету арқылы олар жалақы алып қана қоймай, кәсіби дағдыларын дамытады, біліктілігін арттырады және еңбекке деген жауапкершілігін қалыптастырады. Біздің міндетіміз – сотталғандардың қоғамға қайта оралуына және алдағы уақытта өз бетінше өмір сүруіне дайындалуына жағдай жасау, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Аслан Нұрбеков.
