Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталғандар студенттерге қылмыстың салдары туралы айтып берді

Абай облысында сотталғандар студенттерге қылмыстың салдары туралы айтып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясының қызметкерлері Семей қаласындағы колледждердің бірінің студенттерімен онлайн-телемост өткізді. Іс-шара "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілету және жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге бірінші және екінші курс студенттері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – өмірдегі ойланбай жасалған әрекеттері бас бостандығынан айырылуға әкелген адамдардың шынайы оқиғалары арқылы жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және қылмыстың алдын алу.

Телемост барысында есірткі заттарын заңсыз өткізгені үшін жазасын өтеп жатқан 19 бен 40 жас аралығындағы төрт сотталған әйел өз өмір жолдары туралы ашық әңгімеледі. Олар оңай ақша табуға ұмтылу мен заңсыз әрекеттерге араласудың салдарынан бостандықтарынан айырылып, әлеуметтік байланыстарының үзілуіне және толыққанды өмір сүру мүмкіндігінен қол үзулеріне әкелгенін баяндады.

– Мен құрбым екеуміз бала кезімізден жақсы табыс табуды армандап, оңай ақша туралы уәделерге сендік. 16–17 жасымызда тез ақша табамыз деген үмітпен есірткі салынған жасырын орындарды ұйымдастыруға келістік. Алайда кезекті тапсырманы орындау кезінде ұсталып, әрқайсымыз 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылдық. Соның салдарынан еркіндігімізден айырылып, болашаққа құрған жоспарларымызды күйреттік. Мен білім алып, өз мамандығым бойынша жұмыс істеуді, отбасын құруды және ата-анама көмектесуді армандадым. Бірақ осы мүмкіндіктерден өз қолыммен айырылдым.

Жастарға айтарым: оңай ақшаға қызықпаңдар және күмәнді ұсыныстарға келіспеңдер. Тез табыс табу үшін өздеріңді қылмысқа тартуға жол бермеңдер. Ата-аналарыңды бағалап, олардың ақыл-кеңесіне құлақ асыңдар және адал жолды таңдаңдар. Ешбір табыс бостандықтан, жақындарыңнан айырылуға және жоғалған болашаққа тұрмайтынын ұмытпаңдар, – деп бөлісті сотталған әйелдердің бірі.

– Мұндай кездесулер жастарға өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуге және құқыққа қайшы мінез-құлықтың салдары туралы ойлануға көмектеседі. Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, жастардың заңға саналы көзқарасын қалыптастыру. Сотталғандардың шынайы оқиғалары оңай ақша табуға ұмтылу мен ойланбай жасалған таңдаудың қандай салдарға әкелетінін көрсетеді. Жастар әрбір құқыққа қайшы әрекеттің артында бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін жауапкершілік тұрғанын түсінуі маңызды, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру