Астанада жүк көліктеріне бақылау күшейтілді
Астанада жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымының сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Артық жүк" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейдтер қала көшелерін, магистральдарды, өнеркәсіптік аймақтар мен құрылыс нысандары орналасқан аумақтарды қамтиды.
Тексеру барысында 70 мыңға жуық құқық бұзушылық дерегі анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері оқылмайтын немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді басқарудың 700-ге жуық дерегі, нөмірлік белгілерсіз немесе тиісті тәртіппен тіркелмеген көліктерді басқарудың 600-ге жуық дерегі тіркелді.
Сонымен қатар техникалық байқаудан өтпеген көліктерді басқарудың 4 500-ден астам, көлік басқару құқығы жоқ адамдардың рөлге отыруының 1 000-нан астам және жолдың жүріс бөлігіне лай мен кір шығарудың 1 500-ге жуық дерегі анықталды.
Бақылау шаралары жүк және жеңіл автокөліктерді, сондай-ақ баламалы көлік құралдарын қамтиды. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін шамамен 1 500 көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрақтарына қойылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың жолын кесу ғана емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол инфрақұрылымына түсетін салмақты азайту және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген талаптарды сақтауға, көлік құралдарына шамадан тыс жүк артпауға және жүк тасымалдау кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға шақырады.
Елорда жолдарындағы қауіпсіздік пен жол инфрақұрылымының сақталуы әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты.
