Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда жылдамдықты елемеген жүргізуші полиция назарына ілікті

Павлодарлық Lexus жүргізушісі жылдамдықты 14 рет асырған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жылдамдықты шамадан тыс асыру Павлодар облысының жолдарындағы қауіпсіздікке төнетін негізгі қатерлердің бірі болып отыр. Полицияның тұрақты ескертулеріне қарамастан, кейбір жүргізушілер жол ережесін елемей, өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Жыл басынан бері өңірде ZEREK 2 жүйесі, "Кибер-шериф" аппараттық-бағдарламалық кешені және Ekin Patrol G2 көмегімен жылдамдық режимін бұзудың шамамен 133 мың дерегі тіркелді.

Құқық бұзушылықтарды анықтауда заманауи технологиялардың маңызы зор. Өңір жолдарында тәулік бойы жұмыс істейтін құрылғылар көлік қозғалысын бақылап, белгіленген талаптардың сақталуын қадағалайды.

Мәселен, ZEREK 2 стационарлық кешендері көліктің лездік жылдамдығын тіркеп қана қоймай, тасжолдың жекелеген учаскелеріндегі орташа жылдамдығын да анықтайды. Ал патрульдік автокөліктерге орнатылған аппараттық-бағдарламалық кешендер қозғалыс үстінде жолдағы көлік ағынын бақылауға мүмкіндік береді.

Осындай бақылау жүйелерінің назарына Lexus RX 330 көлігінің жүргізушісі 14 рет іліккен. Жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді жүргізуші тиісті айыппұлдарды төлеуге міндетті.

Жылдамдықты асыруға көбіне асығыстық себеп болады. Алайда жолда үнемделген бірнеше минут адам өмірінен қымбат емес.

– Жүргізушілер діттеген жеріне тезірек жету үшін асығып, әр минутты үнемдеуге тырысады. Алайда бірнеше минут үнемдеу үшін өз өміріңіз бен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірін қатерге тігуге болмайды, – деп ескертеді Павлодар облысының полиция департаменті.

Өңір полициясы жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жолда мұқият болуға және асығыстықтың соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ұмытпауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру