Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталған жазу мен оқуды меңгерді
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ның №29 мекемесінде жаза мерзімін өтеп жүрген азамат алғаш рет жазу мен оқуды меңгерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жаңалық – оның өміріндегі бетбұрысты кезең.
Сотталған азамат өз оқиғасымен былайша бөлісті:
– Мен 15 жасымнан бастап ұрлық үшін бірнеше рет сотталдым. Қолайсыз отбасында өскенім есімде. Бастауыш сыныптарда жауапкершілікпен оқыдым, бірақ кейін отбасылық қиындықтар мен сабаққа жиі қатыспауым себепті жазу мен оқуды толық меңгере алмадым. Көп уақытым көшеде өтіп, үйден қашып жүрдім. Осылайша, бас бостандығымнан айрылып, ерте қамалдым. Қарағанды ҚАЖД-ның №29 мекемесіне келгенде мектепке баруға мүмкіндік алдым. Бұл менің түзелу жолындағы алғашқы қадамым болды. Алғашында хат жазып, оқи алмауым үшін қатты ұялдым. Бірақ мекеме әкімшілігі мен мұғалімдердің қолдауы арқасында барлық қорқынышымды жеңіп, биыл 11-сыныпты аяқтағалы отырмын. Мұғалімдер оқудағы жетістіктерім үшін мақтайды. Осындай сәттер мені білім алуға және өзімді дамытуға одан әрі ынталандырады, – деп қуанышымен бөлісті ол.
Сауаттылықты меңгергені үшін алғыс ретінде сотталған азамат мекеме басшылығы мен мұғалімдерге сурет салып сыйлады. Бұл туынды – оның ішкі жан дүниесінің көрінісі ғана емес, сонымен қатар өмірге деген сенімін оятқан шығармашылық жетістігі. Бұл қадам оның жарқын болашаққа ұмтылысын айқын көрсетеді.
– Бас бостандығынан айыру орындарында білім беру сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне, жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға және қылмыстың қайталануын азайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті мекеме бастығы Қуат Араонов.