Санжар Адилов БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі конференциясында баяндама жасады
23 қаңтарда Швейцарияның Женева қаласында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі әмбебап мерзімдік шолудың (ӘМШ) төртінші циклы аясында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов Қазақстанның адам құқықтары саласындағы жетістіктері мен басымдықтары туралы баяндама жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Адилов отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес, адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейту және қылмыстық-атқару жүйесін реформалау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
БҰҰ-ға мүше елдер Қазақстанның "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы", "Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігі туралы" заңдарды қабылдауын, сондай-ақ саяси жүйені жетілдіру бойынша қадамдарын жоғары бағалады.
Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыруды ұсынды.
Сөз соңында ішкі істер министрінің орынбасары Қазақстанның халықаралық ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін және ұлттық құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша серіктестер мен БҰҰ сарапшыларымен диалогқа ашық екенін атап өтті.