Алматыда 90 жас полицей алғашқы офицерлік шендерін алды
Алматыда 90 жас полицей алғашқы офицерлік шендерін алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында жас полицейлердің қатары толықты. Ведомство басшысы Арыстанғани Заппаровтың жетекшілігімен өткен салтанатты рәсімде 90 полиция қызметкеріне алғашқы офицерлік шен табыс етілді.
- Құрметті әріптестер! Сіздерді өмірлеріңіздегі маңызды сәтпен құттықтаймын. Мемлекет басшысы елімізде тәртіп пен заңдылықтың қатаң сақталуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күресте алдыңғы шепте болу – Сіздердің абыройлы міндеттеріңіз. Қазақстан полициясының қатарын жүрек қалауымен толықтырған әрқайсыңыз адалдық пен әділдік жолында қызмет етесіздер деп сенемін. Анттарыңызға берік болып, халқыңызға адал қызмет етіңіздер, – деді Арыстанғани Заппаров.
Шен алған жас тәртіп сақшыларының қатарында тергеушілер, криминалистер, жедел уәкілдер, учаскелік полиция инспекторлары, ЖҚАЖ жауынгерлері, кинологтар және өзге де қызмет өкілдері бар. Олар алдағы уақытта құқықтық тәртіпті нығайтып, азаматтардың тыныштығын қорғауға өз үлестерін қосады.