Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңес: ІІМ есірткімен күресте маңызды қадам жасады
ІІМ есірткіге қарсы іс-қимылда маңызды қадам жасады. Алғаш рет ведомство жанынан Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңес құрылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен есірткіге тәуелділіктің алдын алып, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге, осы бағытта жұртшылықтың білімін шыңдап, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
- Бүгінгі сұрақ өте маңызды. Жастарымыз сіздерді үлгі тұтады. Сол себепті осындай ұсынысты қарап, сіздерді маңызды шараға жинап отырмыз. Есірткінің алдын алуда бірлесе жұмыс істесек деген ниетпен жиналдық, - деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Кеңес құрамына танымал тұлғалар, спортшылар мен осы бағыттағы сарапшылар кіреді. Әр түрлі сала өкілдері болса да, бәрінің мақсаты мен мүддесі бір – заманауи бес кеселдің бірі есірткімен күрес.
- Ішкі істер министрлігі жанынан мұндай кеңестің құрылып жатқаны үлкен қадам. Яғни, бір министрліктің ғана жұмысы емес, бұл қоғам болып күресетін дерт, әрбір ата-ананың алаңдайтын мәселесі, әрбір мұғалімнің зер салып көре білетін қырағылығына да байланысты. Балаңа, болашағыңа алаңдайтын болсаң, мұндай бастамадан қоғамның кез келген белсенді мүшесі қалыс қалмауы керек, - деді тележүргізуші Дана Нұржігіт.
Іс-шара барысында кеңес мүшелеріне арнайы куәліктер табысталды. Сонымен қатар дауыс беру арқылы кеңес төрағасы сайланды. Ол Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов болды. Сондай-ақ кеңес төрағасының орынбасарлары да таңдалды. Олар "Есірткісіз болашақ" қорының төрағасы Жандос Ақтаев және министрліктің есірткіге қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Кеңес қоғамдық сананы өзгерту, есірткілердің зияны туралы халықты ақпараттандырып, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу үшін тиімді шаралар қабылдайтын болады.