"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: Ақтөбеде полиция екі сағатта 30 құқық бұзушылықты анықтады
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 18-21 ақпан аралығында республика көлемінде "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара барысында жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуына ерекше назар аударылып, құқық бұзушылықтар бейнебақылау камералары арқылы да анықталуда.
Іс-шара аясында Ақтөбе қаласында екі сағат ішінде 30-дан астам құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде қарсы қозғалыс жолағына шығудың екі фактісі және жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 11 фактісі анықталды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жолаушылар тасымалына ерекше назар аударуда. Әсіресе, қолайсыз ауа райы жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық жолдарда рейдтік шаралар күшейтілді. 18 ақпанда Самара – Шымкент автожолында жолаушылар тасымалдайтын автобусты тексеру барысында оның қайта жабдықталғаны және техникалық ақаулармен қозғалғаны анықталды. Хаттамалар толтырылып, автобус коммуналдық тұраққа қойылды.