Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция алматылықтарға балалардың жолдағы қауіпсіздігі туралы ескертті

Полиция алматылықтарға балалардың жолдағы қауіпсіздігі туралы ескертті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында балалардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары алаңдатарлық жағдайға жетті. Өткен жылы қала көшелерінде 1 511 жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 1 641 бала түрлі дәрежедегі жарақат алды, өкінішке қарай, төрт бала ажал құшты.

Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін Алматыда полиция жол қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шараларын күшейтуде. Бұл іске ата-аналар, білім беру мекемелері мен қоғам белсенді атсалысып жатыр.

- Балалардың жолдағы қауіпсіздігі көптеген факторларға байланысты. Соның ішінде қауіпсіз инфрақұрылым маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз кешенді тәсілді ұстанамыз. Полиция бөлімшелері жол-көлік желісін зерттеп, қажетті өзгерістер енгізуге ұсыныстар береді. Өткен жылы жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 300-ден астам ұйғарым жіберілді. Біздің аудан бойынша өткен жылы балалардың қатысуымен 341 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай бір бала көз жұмып, тағы 370-і жарақат алды. Бұл – тек бір отбасының қайғысы емес, бүкіл қоғамға ортақ ауыртпалық. Жол қателікті кешірмейді. Сондықтан балаларыңыздың қауіпсіздігіне мұқият болыңыздар, – дейді Алатау аудандық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Шыңғыс Нұрахметов.

Полиция өкілдерінің айтуынша, "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-алдын алу шарасы аясында тәртіп сақшылары мектеп оқушыларымен тұрақты кездесулер өткізіп келеді. Соның бірінде полицейлер №152 жалпы білім беретін мектепте құқықтық тәрбие сағатын ұйымдастырды. Кездесу барысында балаларға жол қозғалысы ережелері түсіндіріліп, сұрақ-жауап өткізіліп, арнайы иллюстрациялық буклеттер таратылды. Сондай-ақ "Жас сақшы" сыныбының оқушыларына қызметтік көлік көрсетіліп, оның жұмыс істеу принциптері таныстырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру