Павлодарда полицейлер мен банк өкілдері интернет-алаяқтыққа қарсы шараларды талқылады
Павлодарда полицейлер мен банк өкілдері интернет-алаяқтыққа қарсы шараларды талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы gолиция департаментінде қаладағы банктердің өкілдерімен бірлескен жұмыс кездесуі өтті.
– Қабылданып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, интернет-алаяқтық деректері азаймай отыр. Талдау көрсеткендей, тіркелген 197 қылмыстың 87-сі банк клиенттерін алдау арқылы, 34-і алдын ала төлем жасау және онлайн қарыз ресімдеу жолымен жасалған. Қалған фактілер жалған жобаларға инвестиция құю және басқа да әдістер арқылы жүзеге асырылған, – деді кездесуді ашқан Павлодар облысы ПД rиберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.
Жиын барысында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және оны әшкерелеу мәселелері талқыланды. Полицейлер бұл қылмыстың негізгі схемалары туралы баяндап, павлодарлықтардың алаяқтардың арбауына түсуінің нақты мысалдарын келтірді.
– Қазіргі заманғы технологиялардың қарқынды дамуы және ақпараттық ортаның үздіксіз өзгеруі бізден алаяқтықтан қорғанудың жаңа тәсілдерін меңгеруді талап етеді. Бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіздер. Олар өздерін банк қызметкері, мемлекеттік орган өкілі немесе күш құрылымының қызметкері ретінде таныстырса да, әңгімені бірден доғарған жөн, – деп ескертті полиция өкілдері.
Кездесуде мамандар тағы бір маңызды жайтты атап өтті – банкомат немесе терминал берген түбіртектерді кез келген жерге тастауға болмайды. Себебі, олардың ішінде алаяқтардың назарына ілігетін жеке ақпарат болуы мүмкін.
– Біздің қызметкерлер банк клиенттерін алаяқтардың құрбаны болудан бірнеше рет сақтап қалды. Азаматтардың бөгде адамның нұсқауымен қолма-қол ақшасын терминал арқылы аудармақ болғанын байқаған әріптестеріміз олардың алаяқтармен байланыста екенін түсіндіріп, операцияны тоқтатты. Осылайша, қаржылық шығынның алдын алды, – деді Freedom Bank АҚ қауіпсіздік департаментінің бас маманы Марат Кималиденов.
Жиын қорытындысында полицейлер интернет-алаяқтардың айла-тәсілдері күн сайын жетілдіріліп келе жатқанын атап өтіп, барлық ұсынылған алдын алу шаралары алдағы уақытта кеңінен қолданылатынын жеткізді. Құқық қорғаушылар интернет-алаяқтықпен күресте күш-жігерді біріктіру маңызды екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса беретінін мәлімдеді.