СҚО-да криминалистика ардагері жас сақшылармен кездесті
СҚО-да криминалистика ардагері “Жас сақшы” оқушыларымен кездесіп, тәжірибесімен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Аптасына екі рет, сәрсенбі және сенбі күндері Петропавл қаласында орналасқан IT-мектеп-лицейдегі “Жас сақшы” сыныбының 25 оқушысы полиция қызметкерлерінің сабақтарына қатысады. Олар ҚР заңнамасымен танысады, самбо тәсілдерін пысықтайды, саусақ іздерін алуды үйренеді.
“Жас сақшының” кезекті қонағы болып запастағы полиция полковнигі Ақан Сыздықов келді. Ол көп жылдар бойы облыстық полиция департаменті құрамындағы жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. Бүгінде ол ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы. Солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс ардагер өзінің жұмыстағы тәжірибесімен, есте қалған оқиғаларымен бөлісіп, балалардың сұрақтарына жауап берді.
Атап айтқанда, ол 2007 жылы Уәлиханов ауданында болған бес адамды өлтіру қылмысының ашылғаны туралы айтты. Сол кезде полицейлердің тынымсыз еңбегінің арқасында жалғыз айғақ – саусақ ізі табылды. Соның нәтижесінде қылмыскерлер ұсталды. Оны суықта тауып алып, ажырату криминалистер үшін қиынға соққан. Ардагердің әңгімесін ұйып тыңдаған балалар криминалистердің жұмысына қатысты сұрақтарын қоя бастады. Бұл мамандық олардың қызығушылығын оятты.
Оқушылардың бірі ардагерге оның полициядағы қызметі кезінде қылмыскерлермен атыстыңыздар ма деген сұрақ қойды. Ақан Төлепбергенұлы полицейдің басты құралы тапанша емес, ақыл екенін айтты. Бұл дегеніміз абырой, ұқыптылық, адамдарға деген құрмет. Бұлардың барлығын олар бала кезден бойларына сіңіруі керек. Оқуда озат, мұқият болып қана қоймай, жақындарының бүгінгі тыныс-тіршілігінен, ата-әжелерінің, аға ұрпақтың өмірінен хабардар болуы қажет. Кәсібилік адамдарды түсінуден басталады.