Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Құқық саласындағы қайсар тергеуші

Орал қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Эльвира Сарсенбай – кәсібіне адал, зерек те іскер маман. Басқарма басшылығы оның қызметке деген жауапкершілігін, табандылығы мен еңбекқорлығын жоғары бағалайды. Ендеше қайсар тергеуші туралы мәліметті Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Эльвира Сарсенбай 1994 жылдың 18 сәуірінде Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қарасты Достық ауылында дүниеге келген. Ата-анасы Орал қаласына ол үш жасқа толғанда қоныс аударып, содан бері шаһардың тұрғыны атанды.

2012 жылы мектепті тәмамдаған соң, бала күнгі арманы – құқық қорғау саласының маманы болу үшін Алматыға жол тартты. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің академиясына құжат тапсырып, сынақтардан сүрінбей өтті. Осылайша, әкімшілік-құқықтық факультеттің курсанты атанып, төрт жыл бойы үздік оқыды. Академияны қызыл дипломмен бітіріп, “Үздік оқушы” төсбелгісін иеленді.

— Академияны қызыл дипломмен аяқтап, төсбелгі тағынған сәтім әлі есімде. Бұл мен үшін ғана емес, мені үнемі қолдап, демеген ата-анам, туыстарым үшін де үлкен қуаныш болды. Арманым орындалып, құқық қорғау саласында қызмет ететініме шын жүректен қуанған едім, — дейді Эльвира.

2016 жылдың ақпан-наурыз айларында Эльвира өндірістік тәжірибеден өту үшін Орал қалалық ішкі істер басқармасына келді. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшеге инспектор болып бекітіліп, өзіне жүктелген міндеттерді аса жауапкершілікпен орындады. Құқық қорғау органдарының нормативтік-құқықтық актілерін терең меңгеруге талпынып, өз ісінің майталманы болуға ұмтылды.

Жас маманға сол кезде полиция майоры Ақжарқын Жандауова тәлімгерлік етті. Бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан Ақжарқын Жандауова – көптеген жас мамандарға үлгі болған білікті маман. Эльвира өз кезегінде тәлімгерінен көп нәрсені үйреніп, тәжірибесін шыңдай түсті.

Өндірістік тәжірибеден кейін ол өз қалауы бойынша тергеу бөліміне ауысып, бүгінгі таңда Орал қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімінде аға тергеуші қызметін атқарады.

— Тергеушінің жұмысы — аса жоғары жауапкершілікті талап ететін мамандық. Қылмыс орнын мұқият тексеру, куәгерлерден жауап алу, айғақтарды саралау, қылмыстық іске мінездеме беру – мұның барлығы тергеушінің кәсіби шеберлігі мен заңды жетік білуін қажет етеді. Тергеуші көтерген іс ақыры сотқа жолданып, адам тағдыры шешілетінін ескерсек, бұл мамандықтың жүгі қаншалықты ауыр екенін түсінуге болады, — дейді Эльвира.

Кәсіби қызметпен қатар Эльвира білімін жетілдіруге де ерекше мән береді. 2017-2019 жылдар аралығында “Фемида” Орталық Қазақстан академиясында “Құқықтану” мамандығы бойынша заң магистрі дәрежесін алды.

— Магистратурада оқыған жылдарым құқықтық білімімді тереңдетіп, заңнаманың теориялық негіздерін жетік меңгеруіме септігін тигізді. Әрқашан жаңа білімге ұмтылып, кәсіби деңгейімді көтеруді басты мақсатым деп білемін, — дейді ол.

Тергеуші болу – тек мамандық емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Дегенмен Эльвира қызмет пен отбасылық өмірдің тепе-теңдігін сақтауға тырысады.

— Мен үшін отбасым – шабыт көзі, тірегім. Жолдасым мен балаларым – менің ең үлкен қолдауым. Қаншалықты қызметіме адал болсам, дәл солай отбасымның жылуы мен берекесін сақтауға да мән беремін. Өмірде жеке жетістіктер мен кәсіби дамудың арасынан дұрыс үйлесімді табу арқылы ғана табысқа жетуге болады деп есептеймін, — дейді ол.

Эльвира бала күнінен спортқа да ерекше қызығушылық танытқан. Мектеп кезінде қыздар құрамасының капитаны болып, футбол ойнаған. Сонымен қатар жеті жасынан бастап таэквондомен айналысып, қызыл белбеу иегері атанған. Академияда оқып жүргенде полиция кіші сержанты шенімен 3-бөлімшенің командирі болып, көшбасшылық қырын көрсете білді.

— Мен үшін құқық қорғау органдарындағы қызмет – жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия. Қоғамға пайда тигізу, заңдылық пен әділеттілікті нығайту – менің басты мақсатым. Әр күнімді жаңа білім алуға, тәжірибемді толықтыруға және кәсіби дамуыма арнаймын, — дейді полиция майоры.

Тергеу ісінің жауапкершілігі мол, жүгі ауыр. Бірақ осындай мықты, білімді, өз ісіне берілген мамандар қоғамдағы әділдіктің, заң үстемдігінің кепілі екені сөзсіз. Эльвира Сарсенбай сынды кәсіби тергеушілер – бүгінгі құқық қорғау саласының мақтанышы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру