Көрісу күні: Түркістан облысында полицейлер зейнеттегі әріптесін мерекемен құттықтады
Түркістан облысында полицейлер зейнеттегі әріптесінің шаңырағына арнайы барып мерекемен құттықтап қайтты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Көрісу күні – халқымыздың бірлігі мен сыйластығын дәріптейтін ерекше мереке. Осыған орай Ордабасы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ұзақ жыл бойы ішкі істер саласында абыройлы еңбек еткен Күлия Қалабекқызының шаңырағына арнайы барып, құттықтады.
1989 жылдан бастап полиция бөлімінде кеңсе меңгерушісі болып қызмет еткен анамыз 30 жылға жуық адал еңбегінің арқасында полиция бөлімінің құжаттық жұмыстарын сапалы жүргізіп, тәртіп сақшыларының қызметін жеңілдетуге зор үлес қосты. 2015 жылы зейнетке шығып, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана, екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсірген абзал жан.
Қызметтестер зейнеткер әріптесінің еңбегін жоғары бағалап, мерекелік сый-сияпат табыстап, жылы лебіздерін білдірді. Ал Күлия Қалабекқызы полиция ұжымына алғысын айтып, ел тыныштығын күзетіп жүрген қызметкерлерге сәттілік тіледі.
Бұл шара – зейнеткерлерге деген құрметтің белгісі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен кәсіби дәстүрдің жалғасы екенінің жарқын көрінісі.