ҚР ІІМ Ұлттық ұланында кеңейтілген кеңес өтті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланында кеңейтілген кеңес өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің төрағалығымен әскердің басшылық құрамының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.
Отырыста құқықтық тәртіп әскерлерінің 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы қызметтік-жауынгерлік қызметінің қорытындылары егжей-тегжейлі талданды. Кеңес барысында өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының, бөліністер басшыларының баяндамалары тыңдалды. Есептердің тыңдалуы әскердің ағымдағы жай-күйін жан-жақты бағалауға және алдағы кезеңге арналған жоспарларды белгілеуге мүмкіндік берді.
Мәселен, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық ұлан бақылаушыларының қарауылдары мен әскери жасақтары 400-ге жуық телефон, 220-дан астам суық қару мен кесу құралдарын, 750 граммға жуық есірткі заттары мен 50 литрден аса спирті бар сұйықтықты тәркіледі. Әскер қарауылдары түрмеге тыйым салынған заттарды кіргізудің 35 фактісіне тосқауыл болған. Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне заңсыз жолмен рұқсат етілмеген зат алып кірмек болған 26 азаматты ұстаған.
Бұдан бөлек, ұландықтар өрт сөндірудің және адамдарды құтқарудың 11 жағдайына тікелей атсалысқан. Әскери қызметшілер алғашқы тоқсанда 45 жоғалған зат пен 91 смартфонды тауып, иелеріне қайтарды. Қызмет атқару кезінде жауынгерлер жүрек талмасы, демікпесі мен ұстамасы бар және басқа да себептерден зардап шеккен адамдарға жедел көмек көрсетті. Сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсамақ болған немесе суға батып бара жатқан азаматтардың өмірін сақтап қалды.
Аңсаған Балтабеков елордада өтетін әскери шерудің, сондай-ақ еліміздің аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының қолдауымен өтетін "Кобальт — 2025" халықаралық жаттығуларының дайындығына назар аударды.
— Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ішкі істер министрі алдағы басымдықты нақты белгіледі: ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан әрқашан заңдылық пен тәртіптің үлгісі болуы тиіс. Құқықтық тәртіп әскері елдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға міндетті. Бұл ретте бізге үлкен сенім артылып, жауапкершілік жүктелді. Қойылған міндеттердің көлемі жыл сайын артып келеді, сондықтан бүгінгі күні кәсіби, құзыретті кадрларды даярлау ісі қарқынды жүргізілуі қажет, — деді А.Балтабеков.
Кеңес барысында Мемлекет басшысының ҚР ІІМ Ұлттық ұланын сандық және сапалық тұрғыда дамытуға бойынша тапсырмаларының іске асырылуына ерекше назар аударылды. Бас қолбасшы басшылық құрамға осы бағыттағы мақсаттардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясында "Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында әскери білім беруді дамыту” тақырыбында VII халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын.
Конференция барысында офицерлердің құқықтық мәдениетіне, әскери кадрларды даярлау бағдарламаларын жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысында Аңсаған Балтабеков алдағы кезеңге арналған бірқатар басым міндетті белгіледі. Негізгі тапсырмалардың бірі көктемгі әскерге шақыру науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыру болды. Бұл құқықтық тәртіп әскерлерін жасақтау мен олардың жауынгерлік қабілетін сақтаудың маңызды аспектісі саналады.