Түркістан облысында полиция департаменті студенттермен кездесу ұйымдастырды
Түркістан облысында полиция департаменті студенттермен кездесу ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан көпсалалы колледжі мен Халықаралық қазақ-түрік университетінің жатақханаларында маңызды кездесу өткізді.
Шараның негізгі мақсаты – студент жастар арасында есірткі және психотроптық заттардың таралуының алдын алу, сондай-ақ олардың адам денсаулығына тигізетін зияны туралы кеңінен ақпарат беру болды. Полицейлер жастарға заңсыз есірткі айналымы үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы да жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында оқу орындары әкімшілігінің келісімімен кинолог мамандар қызметтік иттермен бірге жатақхана бөлмелерін және оған іргелес аумақтарды тыйым салынған заттардың бар-жоғына тексерді. Сонымен қатар студенттерге арнайы ақпараттық буклеттер таратылып, ашық сұхбат түрінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция өкілдері жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу – полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.