Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында полицейлер Ұлттық кітап күнін кең ауқымда атап өтті

Алматы облысында полицейлер Ұлттық кітап күнін кең ауқымда атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстанда биыл алғаш рет тойланып отырған Ұлттық кітап күні – жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге және кітап оқуға деген қызығушылықты күшейтуге бағытталған маңызды мәдени-идеологиялық бастама.

Осы мерекеге орай Алматы облысының барлық қалалық және аудандық полиция бөлімшелері ауқымды мәдени шараларға белсене қатысты. Бұл іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастарды отансүйгіштікке баулуға, сондай-ақ ұжым ішінде оқуға деген ынтаны арттыруға арналды.

Басты мерекелік іс-шара облыс орталығы – Қонаев қаласында өтті. Мұнда жаңа кітапхананың салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Алматы облысының полиция департаменті бұл ерекше күнге орай, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын ескере отырып, кітапхана қорына "Абай жолы" романы мен "Қара сөздер" жинағын тарту етті.

– Кітап – тек білім мен ақпараттың көзі ғана емес, ол азаматтық сана мен патриоттық рухты қалыптастыратын алтын көпір. Абай мұрасы – халқымыздың рухани байлығы, – деп атап өтті департамент қызметкерлері.

Іс-шараға полиция ардагерлері, жас мамандар, сондай-ақ өңірге танымал ақын-жазушылар қатысты. Әсіресе Александр Бектің "Волоколамск тас жолы" атты кітабы мен оның тарихи маңызына арналған әдеби дөңгелек үстел көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Мереке соңы ішкі істер органдары қызметкерлері мен ардагерлерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарлама және мәдени-танымдық шаралармен түйінделді.

Облыс бойынша өткен Ұлттық кітап күніне арналған іс-шаралар жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, кітаптың қоғамдағы рухани тұтастық пен бірлікті нығайтушы құрал ретіндегі маңызын тағы бір мәрте айқындап берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру