Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Электронды білезіктің тиімді тұсы көп

Қылмыстық-атқару жүйесінде электрондық бақылау құралдарын қолдану кеңейіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

2025 жылы Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробациялық бақылауда жүрген азаматтармен жұмысты жетілдіру мақсатында 150 дана электрондық бақылау құралын (ЭБҚ) пайдалануға енгізді. Бұл заманауи құралдар сот үкімімен қоғамнан оқшаулаусыз жазаланған тұлғаларды тиімді бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Оның 120-сы Қарағанды облысына, ал 30-ы Ұлытау облысына бөлінді.

Электрондық бақылау құрылғылары — бостандығынан айырмайтын жаза түрлерінің орындалуын бақылауды күшейтетін тиімді тетік. Осы құрылғылардың арқасында биыл тәртіп бұзған 40 адамның бас бостандығын шектеу жазасы нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Бұл тәсіл сотталғандардың құқықтық тәртіпке бейімделуіне оң ықпал етіп қана қоймай, басқа пробациялық есепте тұрған азаматтарға да тәрбиелік әсер береді.

ЭБҚ технологиялары жазаны өтеу шарттарының сақталуын нақты және үздіксіз қадағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2024 жылы осы жүйелердің көмегімен 100 құқық бұзушылық анықталса, биылғы жылдың өзінде 67 бұзушылық тіркеліп, уақытылы шаралар қолданылды. Бұл көрсеткіштер электрондық бақылаудың құқық бұзушылықтардың алдын алудағы жоғары тиімділігін айғақтайды.

Осылайша электрондық бақылау құралдарының енгізілуі қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіруге, жазаны орындау сапасын арттыруға және қоғамда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру