Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ғасырмен өрілген ерлік шежіресі: ІІО ардагері Тәңірберген Толғанбаев 102 жаста

Ішкі істер органдарының ардагері Тәңірберген Толғанбаев 102 жасқа толды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

1 мамыр – бұл күн еліміздің тарихында есімі алтын әріппен жазылған біртуар тұлғаның, милиция полковнигі, Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органдарының еңбек сіңірген қызметкері Тәңірберген Толғанбаевтың 102 жылдығы ретінде ерекше аталып өтуде. Бұл – Отанға адалдықпен қызмет етудің, батырлық пен парасаттың жарқын көрінісі.

Тәңірберген Толғанбаев 1923 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауылында дүниеге келген. Жастайынан елінің ертеңі үшін еңбек етуді мұрат тұтқан бозбала тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінен де тайсалмады. Соғыс жылдары шекара әскерлерінің қатарында жүріп, өшпес ерлік пен қайсар рухтың үлгісін көрсетті. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгер бейбіт күн орнаған соң да ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етті.

Тәңірберген Толғанбаев ішкі істер органдарында жиырма жылдан астам уақыт табанды еңбек етті. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімін басқарды. Қызмет барысында әділдікті ту етіп, тәртіп пен заңдылықтың сақшысы бола білді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық тәртіп пен құқықтық тәрбие ісіне өз үлесін қосып, Іле аудандық прокуратурасында қызметін жалғастырды. Қай ортада болсын, әріптестерінің құрметіне, халықтың алғысына бөленді.

– Бүгінде Тәңірберген атаның есімі тек туған-туыстарының ғана емес, құқықтық тәртіп пен бейбіт өмірді қадірлейтін күллі жұртшылықтың жүрегінде зор ілтипатпен аталады. Ол – алты баланың ардақты әкесі, он екі немеренің аяулы атасы, он алты шөберенің құрметті қариясы және бір шөпшектің ақылман арғы атасы. Ұрпақтары майдангер аталарының ерлігі мен елге сіңірген еңбегін мақтанышпен айтып, рухани мұра ретінде қастерлеп келеді, – деп атап өтті Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Арман Тіленчин.

Тәңірберген Толғанбаевтың өмір жолы – тек ерлік емес, шын мәніндегі рухани биіктік. Оның бейнесі жазушы Кемел Тоқаевқа да шабыт берген. Жазушының шығармаларында Тәңірберген ата ар-намыстың, адалдық пен елге қалтқысыз қызмет етудің символы ретінде көрініс тапты.

Ардагердің туған күнінде және Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында оған Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі мен Алматы облыстық полиция департаментінің бастығының атынан арнайы құттықтау грамотасы табысталып, еліміздің құқық қорғау саласына қосқан зор үлесі мен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі еңбегі ерекше атап өтілді.

Тәңірберген Толғанбаев – ғасырды қамтыған ғұмырымен өшпес өнеге қалдырған тұлға.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру