Қарағандыда Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты концерт өтті
Қарағандыда Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты концерт өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай кең ауқымды мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шараны Қарағанды облысы полиция департаментінің көркемөнерпаздар ұжымы әзірлеп, жоғары деңгейде өткізді.
Салтанатты жиынға полиция департаментінің жеке құрамы, 6505 әскери бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрі, мамандандырылған күзет қызметінің өкілдері мен патриоттық тәрбие бағытындағы "Жас сақшы" сыныбының оқушылары қатысты. Концерт барысында тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілер көрермендерге рух пен жігер сыйлаған әсерлі әндер орындап, Отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін ұялата білді.
– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен дәл осындай мерекелік іс-шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде өтуде. Бұл – Отан үшін жанын қиған ардагерлердің ерлігін ұмытпай, жас ұрпаққа үлгі ету жолындағы маңызды қадам. Бүгінгі кеште патриоттық әндер шырқалып, "Жас сақшы" сыныбының оқушылары да өз өнерлерін көрсетті. Бұл – аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі, – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Абзал Саурамбеков.
Кеш соңында соғыс жылдарынан сыр шертетін жүрек тебірентер әндер орындалып, көрермен көңілінен ерекше орын алды. Мерекелік концерттің басты мақсаты – ерлік пен батырлықты ұлықтап, ел үшін жанын қиған қаһармандарға деген шынайы құрмет пен тағзым білдіру болды.