Алматы облысында патриоттық эстафета өтті
Алматы облысында патриоттық эстафета өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Қонаев қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына арналған ерекше форматтағы спорттық іс-шара – кроссфит элементтерімен жеңіл атлетикалық эстафета ұйымдастырылды.
Жарысқа облыстық патрульдік полиция батальонының саптық бөлімшелерінен іріктелген 12 команда қатысты. Жалпы саны 30-ға жуық тәртіп сақшысы жоғары физикалық дайындық деңгейін, төзімділік пен ұйымшылдықты, командалық рух пен ерік-жігерді паш етті.
Тартысты бәсеке нәтижесінде бірінші орынды Қонаев қалалық полиция басқармасының командасы қанжығасына байлады. Екінші орын – Райымбек аудандық полиция бөлімінің еншісінде, ал үздік үштікті Алатау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, дипломдармен, кубоктармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай спорттық шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби және физикалық әлеуетін шыңдап қана қоймай, ұжым ішінде ынтымақ пен сергек өмір салтын қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар, патриоттық рухты көтеріп, қызметке деген жауапкершілік пен адалдықты насихаттайтын маңызды үлгіге айналады.