Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да сотталғандарды еңбекпен қамту мәселесі талқыланды

БҚО-да сотталғандарды еңбекпен қамту мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысында "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының алаңында жергілікті атқарушы органдар, аудан әкімдіктері мен өңірдегі бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысқан жұмыс кеңесі өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – түзету мекемелеріндегі өндіріс жайын кеңінен таныстырып, сотталғандардың еңбегін тиімді пайдалануға және бизнес құрылымдарымен ықпалдастық орнатуға бағытталды.

Кеңес барысында қатысушылар сотталған азаматтардың еңбекке тартылуы, өндіріс цехтарының әлеуеті және жұмыс орындарын көбейту мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар түзеу мекемелерінде өндірісті дамытудың мүмкіндіктері, тапсырыстарды орналастыру тәртібі және бос өндірістік алаңдарды беру шарттары таныстырылды.

Кездесу аясында нақты өндіріс нысандары көрсетіліп, жұмыс барысы мен өнім түрлері ұсынылды. Бұл – әлеуетті серіктестерге түзету жүйесіндегі мүмкіндіктерді көзбен көріп бағалауға мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда өңірдегі түзеу мекемелерінде мыңнан астам сотталғандардың ішінен 360-ы тұрақты жұмысқа тартылып, кәсіби дағдыларды меңгеруде. ҚАЖ департаменті басшылығының айтуынша, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты мақсаттардың бірі. Бұл бағытта жыл сайынғы кездесулермен қатар, тоқсан сайын "Ашық есік күндері" ұйымдастырылады.

Сотталғандарды қоғамға бейімдеу және оларға еңбек арқылы жаңа өмірге жол ашу – түзету жүйесінің басты міндеттерінің бірі екені жиын барысында тағы бір мәрте атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру