Ішкі істер министрі Ержан Саденов Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болды
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденов Ақтау қаласына жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында ІІМ басшысы облыстың ІІО жеке құрамының дайындығын тексеріп, қызметтік инфрақұрылым объектілерін қарап, әріптестерімен кеңес өткізді.
Атап айтқанда, Ержан Саденов облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен бірге полиция департаменті госпиталінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін медициналық қамтамасыз ету жұмысын жаңғырту ісімен танысты.
Сонымен қатар ведомство басшысы аудандық полиция бөлімдері, департаменттің өзге де бөліністері мен қызметтері үшін жаңа ғимараттар салу сияқты қызметтік инфрақұрылымды дамыту жобаларымен танысты.
Облыс әкімінің, аумақтық және желілік полиция бөліністерінің, қылмыстық-атқару жүйесі мен Ұлттық ұланның басшы және жеке құрамының қатысуымен өткен жедел кеңесте министр құқық бұзушылықтардың алдын алу және халық тарапынан сенімді арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды.
- Бізден Заң мен Тәртіпті ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманы іске асыруда нақты іс-қимыл мен жауапкершілік талап етіледі. Алдын алу, жедел жұмыс, халықпен өзара іс-қимыл - бәрі де тиісті деңгейде болуы керек, - деп атап өтті Ержан Саденов.
Министр облыстық департамент басшылығының қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамаларын тыңдады.