Полицейлер "Aktau Half-Marathon 2026" жартылай марафонына белсенді қатысты
Ақтау қаласында мыңдаған тұрғын мен қонақтардың басын қосқан ауқымды көктемгі "Aktau Half-Marathon 2026" жартылай марафоны өтті. Спорттық шара салауатты өмір салтын ұстанушылар мен әуесқой жүгірушілерді біріктірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауқымды марафонға Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов пен оның орынбасарлары бастаған департамент қызметкерлері белсенді қатысты. Полицейлер Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі мен қызметтік-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің дене дайындығын нығайтуға бағытталған "ARLAN" спорт клубының бірыңғай спорттық киімінде жарыс жолына шықты.
Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғановтың айтуынша, Маңғыстау полициясы өңірдегі ауқымды іс-шараларға үнемі қатысып, спортты, бірлікті және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бастамаларды қолдайды.

— Басшылықтың жеке үлгі көрсетуі әрқашан маңызды. Қызметкерлер жетекшілерінің қоғамдық және спорттық шараларға белсенді қатысып жүргенін көргенде, бұл ұжымды ынталандырып, біріктіре түседі. Сонымен қатар біз үшін тұрғындардың полицияның қоғамға ашық екенін, халықпен бір толқында жұмыс істейтінін және әрдайым заң аясында елмен бірге екенін көруі маңызды, — деді ол.
Тәртіп сақшылары қала тұрғындары және қонақтарымен бірге түрлі қашықтықтарды бағындырып, спорттық бірлік пен салауатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетті.
Мұндай шараларға полиция қызметкерлерінің қатысуы — физикалық дайындық пен тәртіптің ғана емес, қоғам мен полиция арасындағы сенім мен өзара байланысты нығайтудың да көрінісі.
