Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда полицейлер Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды

Атырауда полицейлер Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

9 мамыр — Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Мәңгілік алау жанында еске алу шарасы өтті. Салтанатты жиынға Атырау облысы полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер және жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойған тәртіп сақшылары майдан даласында қаза тапқан және бейбіт өмірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өмірін арнаған әріптестерінің рухына тағзым етті. Сонымен қатар полицейлер сұрапыл соғыс жылдарындағы батырлардың қайсарлығы мен отансүйгіштік рухын ерекше құрметпен еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.

Іс-шара барысында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев Жеңіс мерекесінің тарихи маңызына тоқталып, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруда ардагерлер ерлігінің орны ерекше екенін атап өтті.

- Жеңіс — батыр бабаларымыздың қайсар рухы мен ерен ерлігінің жемісі. Біз бүгінгі тыныш өмір үшін жанын қиған майдангерлер мен ел қауіпсіздігі жолында адал қызмет еткен азаматтардың алдында әрдайым қарыздармыз. Олардың ерлігі мен елге деген адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді. Батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайды, — деді департамент бастығы.

Іс-шара соңында полиция қызметкерлері ардагерлерге құрмет көрсетіп, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолындағы қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру