Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында мефедрон өндіретін жасырын есірткі зертханасы әшкереленді

Қарағанды облысында мефедрон өндіретін жасырын есірткі зертханасы әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Қарағанды облысының полиция қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен есірткі қылмыстарына қарсы күресті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Солардың бірі – Бұқар-Жырау ауданының Жаңақала ауылында анықталған жасырын есірткі зертханасы. Жедел-іздестіру шаралары барысында синтетикалық есірткі — мефедрон өндірісімен айналысқан зертхана қызметі тоқтатылды.

- Арнайы тінту кезінде тәртіп сақшылары бір тоннаға жуық химиялық прекурсор мен 500 грамнан астам дайын есірткі затын тәркіледі. Күдікті — Алматы облысының 38 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекс бойынша іс қозғалды, - дейді  Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.

Бұл биылғы жылы анықталған екінші ірі есірткі зертханасы. Бұған дейін Асыл ауылында жүргізілген арнайы операция барысында тәртіп сақшылары 200 келіге жуық есірткі және оны өндіруге арналған кәсіби жабдықты тәркілеген болатын. Осы іске қатысы бар деген күдікпен Алматы қаласының 25 жастағы ер азаматы мен 29 жастағы әйел ұсталды.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары есірткі өндірісіне және таралуына қатысы бар барлық тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді шараларды қолға алды.

Полиция есірткі қылмыстарына қарсы күрес – құқық қорғау органдарының басты басымдығы болып қала беретінін атап өтеді. Заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі әрі үздіксіз жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру