Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: СҚО-да полицейлер жазғы тасымалға арналған автобустарды тексерді
СҚО-да полицейлер балаларды жазғы лагерьлерге тасымалдау алдында автобустарды тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы демалыс маусымының басталуымен Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушыларын сауықтыру лагерьлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. СҚО полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы білім басқармасы өкілдерімен бірлесіп, балаларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайын тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Тексеріс барысында автобустардың техникалық жарамдылығы, "Балалар" белгісінің болуы, өрт сөндіру құралдары мен қажетті құжаттардың толықтығы назарға алынды. Сонымен қатар жүргізушілердің еңбек өтілі, денсаулық жағдайы және еңбек тәртібін сақтау мәселелері де қарастырылды. Рейд нәтижесінде автобустардың техникалық жағдайы мен жүргізушілердің біліктілігі талаптарға сәйкес екені анықталды.
Балалар топпен жолға шыққан кезде олардың автобустарын полицияның патрульдік көліктері жол бойы бірге алып жүреді. Мұндай тексерістер облыстың барлық аудандарында тұрақты түрде өткізіліп тұрады және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Полиция қызметкерлері ата-аналар мен білім беру ұйымдарын балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырады. Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз және жағымды өтуі үшін барлық мүдделі тараптардың бірлескен әрекеті маңызды.